Жаңалықтар

КЕЗЕКТІ ӘРІПТЕСТІК ГЕРМАНДЫҚ ӨКІЛДЕРДІҢ ЕНШІСІНДЕ

Бүгін Академияға Фридрих Эберт қорының делегациясы келді. Қордың Қазақстан мен Өзбекстан елдеріндегі өкілдігінің директоры Кристоф Мор мен Нұр-Сұлтан қаласындағы қор өкілдігінің басшысы Зәуреш Шутовамен Академия ректоры Ерлан Әбіл, вице-ректор Айгүл Көшербаева, Қолданбалы зерттеулер және халықаралық әріптестік орталығының басшысы Анар Есенгелдина кездесті. Екі тарап өзара танысып, қор мен білім беру мекемесінің бағыттарынан хабардар болған соң, екіжақты қарым-қатынас құрудың жолдарын талқылады.
Германиялық Фридрих Эберт қоры – Германияның тұңғыш президенті, социал-демократ Фридрих Эберт есімімен аталады. Қордың негізі 1925 жылы қаланды. Қазақстандағы қызметін 1993 жылы бастады. Қор қызметінің негізгі бағыттары: демократияландыру, аз ұлттарды қорғау, әлеуметтік саясат, экология, әйелдер қозғалыстары мен баспасөз еркіндігіне қолдау көрсету. Фридрих Эберт қорының Бонн қаласында жеке кітапханасы бар, ондағы кітап қоры 650 000 томнан астам. Кристоф Мор соңғы жылдары баспадан шыққан зерттеу кітаптарының бірін Академияға тарту етті. Өз кезегінде Академия ректоры Ерлан Әбіл германдық қор өкілін қонақ спикері болуға шақырып, іскерлік, достық қарым-қатынас орнайтынына сенім білдірді. Осылайша Академияның халықаралық ынтымақтастығы тағы бір әріптес қатарымен толықты.