Жаңалықтар

РЕСЕЙЛІКТЕР ҚАЗАҚСТАННАН ҮЛГІ АЛАДЫ

Ресей Федерациясының жоғары басшылық деңгейдегі федералдық және президенттік кадр резервінің өкілдері ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару Академиясында тағылымдамадан өтіп жатыр. Бір аптаға жоспарланған тәжірибе алмасу күндері ұлттық жобаларды іске асыру тетіктеріне арналады. Ресейлік мемлекеттік қызметшілер отандық мамандардан ұлттық жобалар мен бағдарламаларды табысты жүзеге асыруда қолданатын заманауи тәсілдерді үйреніп, өз тәжірибелерімен бөліспек.
Тағылымдама бағдарламасында мемлекеттік деңгейдегі стратегиялық жоспарлау, тұрақты даму стратегиясы, экологиялық мәселелерді шешу, экологиялық білім, елдің ғылыми-техникалық дамуы, шағын және орта бизнесті дамыту, әлеуметтік тұрғын үй бағдарламалары, елдің әлеуметтік саясаты: демография мен білім, елдің цифрлық трансформациясын дамытуға арналған бағдарламалар секілді салаларды дамыту үлгілерін қамтиды.
Тәжірибе алмасу сағаттарын ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару Академиясының тәжірибелі сертификатталған жоба менеджерлері мен бизнес-тренерлері өткізуде. «Біз бұл шараны ресейлік әріптестерміздің бастамасы бойынша өткізіп отырмыз. Академияның Ресейдегі ең басты серіктесі Халық шаруашылығы және мемлекеттік академиясының тәлімгерлеріне арнап арнайы оқыту бағдарламасын әзірледік. Еліміздің мемлекеттік қызмет жүйесінің негізінде жүрген мемлекеттік органдардың, ұйымдардың басшыларын және жетекші спикерлерді шақырдық»,-деді ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясы Білім беру бағдарламаларын іске асыру және ілгерілету кабинетінің меңгерушісі Әйгерім Әбілова.
Сонымен қатар елдің ұлттық жобаларын құрып, оны жүзеге асырудың басы-қасында жүрген сарапшы-мамандар шақырылды. Олар «Жасыл Қазақстан», «Электронды үкімет», «Bilimdi Ult», «Қауіпсіз мемлекет», «Рухани жаңғыру» секілді жобалардың белгіленген мерзімде орындалуы мен нәтижесін тәжірибеге сүйене отырып түсіндірді. Ресейліктерді әсіресе «Мықты аймақтар – ел дамуының қозғаушы күші» ұлттық жобасы қызықтырды. Аталмыш жоба аясында «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламалары сәтті іске асып, халықтың әлеуметтік жағдайын біршама жақсартқаны белгілі. Қатысушылар қазақстандық мамандардың кәсібилігіне жоғары баға берді. Сонымен қатар тренерлер мен жоба қызметкерлерінің жобаларды түсіндіруде және оны құрып, дамытып, іске асыруда жаңа технологияларды ұтымды қолданып отырғанын жеткізді. «Қазақстан мен Ресей ұлттық жобаларының 90 пайызы бірдей деуге болады. Дегенмен сіздің ел әлдеқайда ілгері келе жатыр. Жобалық тәсілдерді меңгерген мықты мамандар да осында шоғырланған. Білікті мамандардан тәлім алып, тәжірибе алмасудың маңызы зор. Өзім жауапты жобаларды жүзеге асыруға азық болар дүниелерді түртіп алып, сараптап отырмын. Іс жүзінде қолданып сынақ сынынан өткізіп көрмекпін. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамын»,-деді Томск облысы губернаторының орынбасары Андрей Антонов.
Еске салсақ, бұл шараны Академия ресейлік әріптестердің бастамасы бойынша өткізіп отыр. Осыған орай арнайы оқыту бағдарламасын әзірленіп, қатысушылар елдің мемлекеттік және квазимемлекеттік органдарын аралап, ұлттық жобаларды жүзеге асыруда Қазақстанның тәжірибесімен танысады.