Душанбеде 2021 жылдың 9-11 маусымы аралығында Тәжікстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі неміс қоғамы бірлесе отырып, аралас форматта (оффлай /онлайн) екі ірі іс-шара ұйымдастырды.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының атынан ректор Ерлан Әбіл, Кәсіби даму институтының директоры Маргарита Қадырова және Білім беру саясаты орталығының жетекшісі Рената Апергенова делегация құрамында болды.
2021 жылы 9-10 маусымында «Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ және Шығыс Еуропа елдерінің әкімшілік академияларының халықаралық ынтымақтастығы туралы диалог» Форумы өтті. Форум барысында іс-шараларға қатысушылар мемлекеттік қызметкерлерге заманауи білім беру мен кадрлар даярлауға қатысты өзекті мәселелерді талқылады, сонымен қатар қатысушы академиялар арасындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайта түсетін мандатқа сай болашақ жобалар туралы пікірлер пайымдалды.
Аталған іс-шараның соңғы үшінші күні – 11 маусымда Ұлттық мемлекеттік басқару академиялары ректорларының Саммиті өтті. Саммит Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) 20 жылдығына орай ұйымдастырылды. Саммит барысында қатысушылар коронавирус пандемиясына байланысты туындаған қиындықтар, қауіптер мен мүмкіндіктерді, сонымен қатар әр түрлі елдердегі әкімшілік басқару бойынша жұмыстар мен мамандандырылған арнайы мекемелерде мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру тәжірибесімен алмасты.
ШЫҰ-ның халықаралық ұйым екенін ескере кетіп, оның негізгі міндеттерінің бірі – бұл қатысушы мемлекеттерді біріктіретін кең аумақта тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту, терроризммен, сепаратизммен, экстремизммен, есірткі саудасымен күрес, экономикалық ынтымақтастықты, энергетикалық серіктестікті, ғылыми және мәдени өзара әрекеттесуді дамыту.
Академия ректоры, Ерлан Әбіл, өзінің құттықтау сөзінде академия өкілдерін бірлескен іс-шаралар өткізуге, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасында мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызметті дамыту бойынша қонақ дәрістер, тақырыптық семинарлар мен тренингтер ұйымдастыру және академиялық ұтқырлық аясында магистранттар мен докторанттардың білім аясында алмасуына шақырды.
Бүгінгі таңда Академияда 88 шетелдік студент білім алуда, оның 27-сі Тәжікстаннан.