2021 жылдың 2 наурызында Мемлекеттік басқару академиясына Ауғанстан Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің уақытша сенімді өкілі Омар Азизулла келді.
Академия ректоры Ерлан Әбіл екі елдің игілігі үшін Қазақстан-Ауғанстан қатынастарының нығаюына ықпалдасатын екіжақты ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Академияның Ауғанстанмен 6 жылдан астам уақыт бойы жалғасып келе жатқан достық қарым-қатынасы жайлы сөз қозғалды.
2015 жылы Академия мен Ауғанстан Ислам Республикасының Дипломатия институтының, сондай-ақ Ауғанстан Ислам Республикасының Білім министрлігінің арасында Меморандумға қол қойылғандығын еске саламыз.
Бүгінгі таңда статистика осы уақытқа дейін Академияда Ауғанстанның 6 мемлекеттік қызметшісі оқуын аяқтағандығын және ағымдағы академиялық жылда аталмыш мемлекеттің 6 магистранты білім алып жатқандығын көрсетуде. Сондай-ақ, 2017 жылы Ауғанстаннан келген 5.дипломат Академия мен БҰҰ-ның Орталық Азиядағы Превентивті дипломатия орталығы ұйымдастырған «Орталық Азия мен Ауғанстанның мемлекеттік қызметшілері үшін дәнекерлік және шиеленістердің алдын алу бойынша әлеуетті арттыру» атты тренингке қатысқандығын хабарлаймыз.
Бүгінгі кездесудің күн тәртібінде Академияның магистрлік және докторлық білім беру бағдарламаларына оқуға түсу, сондай-ақ Өңірлік хабқа қатысушы елдер үшін бөлінетін гранттық бағдарламалар туралы мәселелер талқыланды.
Екі тарап та Академия мен Ауғанстан Ислам Республикасының арасындағы өнімді ынтымақтастықтың бұдан әрі де жалғасын табатынына сенім білдірді.
Кездесу барысында барлық қажетті карантиндік шаралар сақталды.