Жаңалықтар

Мемлекеттік басқару академиясының қызметкерлері “Нұрсұлтан Назарбаев: жаhандық деңгейдегі саясаткер” атты халықаралық конференцияға қатысты

“Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Орталық коммуникациялар қызметі алаңында “Нұрсұлтан Назарбаев: жаhандық деңгейдегі саясаткер” атты халықаралық конференция өтті” – деп хабарлайды “Казинформ” ХАА.

Іс-шараны ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты ҚР Сыртқы істер министрлігімен бірлесе ұйымдастырды. Модератор “Хабар” агенттігі” АҚ басқарма төрағасы, белгілі қазақстандық журналист Ерлан Бекхожин болды.

Конференцияның негізгі мақсаты Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың заманауи қазақстандық мемлекеттің негізін қалаушы ретіндегі рөлін қарастыру, сондай-ақ жаhандық және тарихи үрдістегі Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық бастамаларының мәнін талқылау болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің “Ол тарихты жасайды” атты кітабында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мемлекеттің қалыптасуы мен нығаюындағы орасан зор рөлін айта келе, Нұрсұлтан Назарбаевты “Жаhандық деңгейдегі саясаткер” деп атайды. Модератор барлық қатысушылардың назарын конференцияның атауына аудара келе, онлайн форматта өткен халықаралық іс-шараны дәл осы сөздермен бастайды.

Іс-шараға спикерлер ретінде ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, ҚР Конституциялық кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми, АӨСШК Хатшылығының атқарушы директоры Қайрат Сарыбай, ҚР Парламенті Сенатының жанындағы Сенаторлар кеңесінің төрағасы Бірғаным Айтымова, Назарбаев университетінің президенті Шигео Катсу, қоғам қайраткері Ермұхамет Ертісбаев сынды еліміздің белгілі қоғам және саяси қайраткерлері қатысты.

Сонымен қатар, конференцияға онлайн форматта түрлі уақыттарда әлемдік державаларды және олардың үкіметтерін басқарған, халықаралық ұйымдарда жоғары лауазымға ие болған және иеленіп келе жатқан белгілі саясаткерлер қатысты. Олардың ішінде БҰҰ бұрынғы Бас хатшысы, Жаhандық жасыл өсім институтының қазіргі президенті Пан Ги Мун, Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚҚДБ) тұңғыш президенті Жак Аттали, Ұлыбританияның бұрынғы Премьер-министрі Тони Блэр, Түркияның бұрынғы президенті Абдуллах Гүл, АҚШ-ның бұрынғы мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс, ҰҚШҰ Бас хатшысы Станислав Зась бар.

Өз баяндамаларында қатысушылар Тұңғыш Президенттің Қазақстан егемендігінің қалыптасуындағы, мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін құрудағы және ұлттық тарихтың қазіргі кезеңіндегі мемлекет дамуының басымдықтарын анықтаудағы рөлі мен маңызын атап өтті. Спикерлердің айтуынша, тарихи тұрғыдан алғанда аз уақыт ішінде Н.Ә.Назарбаев тек әлеуметтік және экономикалық тұрақтылыққа негізделген табысты мемлекет құрып қана қоймай, жаhандық қауіпсіздік және даму саласында бірқатар озық бастамалар да көтерді.

Сондай-ақ, халықаралық конференция қатысушылары Елбасының Қазақстанның халықаралық байланыстарын орнатудағы, көпвекторлы сыртқы саясаттың стратегиялық курсын қалыптастырудағы еңбегі мен жетістіктерін, сыртқы саясаттағы бастамаларын, оларды жүзеге асыру барысы мен нәтижелерін талқылады. Баяндамаларда Нұрсұлтан Назарбаевтың өркениетаралық және конфессияаралық диалогты нығайтудағы, Еуразияның қақ ортасында бейбітшілік пен келісімнің, жастықтың, әдеміліктің, креативтің нышанына айналған Қазақстанның заманауи астанасын құрудағы жасампаздық миссиясына ерекше көңіл бөлінді.

Сонымен қатар, конференцияға Мемлекеттік басқару академиясының ректоры мен қызметкерлері, орталық мемлекеттік органдардың өзге де өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, жетекші жоғары оқу орындарының отандық және шетелдік ғалымдары, сарапшылар мен дипломаттар онлайн түрде қатысты.

«Тәуелсіз мемлекеттің іргетасын қалаушы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясаты Қазақстанды әлем сахнасына шығарып, жер беті өркениетінің озық үлгілерімен сусындатты. Ол жаңа астанамызды тұрғызды, өзінің кемеңгерлігімен Астананы әлем елдері басшылары жиналып, заманымыздың бүгіні мен ертеңі туралы кеңес құратын беделі жоғары халықаралық орталық дәрежесіне көтере білді. Елбасы Академияның да болашағын айқындап берді. Біздің оқу орнын қолданбалы білім беретін, алдыңғы қатарлы мемлекеттердің оқу орындарымен бір қатарда тұру бойынша бірқатар міндеттер жүктегені мәлім. Академияда Елбасының сенім үдесінен шығу мақсатында ауқымды істер атқарылып, дамуға бағытталған жаңа жобалардың іске асып жатқанына өздеріңіз куәгерсіздер» – деп атап өтті Ерлан Әбіл.