Жаңалықтар

Республикалық семинар: мемлекеттік қызметтегі басшының тиімділігі

Ағымдағы жылдың 9-12 наурызы аралығында ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық департаменттері мен орталық аппаратының басшылары үшін «Басшының көшбасшылығы мен тиімділігі» атты тақырыпта семинар өтті.

Семинардың басты мақсаты – топтың және жалпы ұйымның тиімділігін арттыру үшін түрлі басқарушылық құралдар мен техникаларды қолдануда басшылардың практикалық дағдыларын дамыту.

Аталмыш семинарды өткізуге Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшылығы – төраға Анар Жаилғанова бастама көтерді.

4 күн бойы тыңдаушылар негізгі қызметтерінен қол үзе отырып, әлеуеттерін арттырды және үш негізгі блок бойынша білімдерін кеңейтті: «Эмоционалды интеллект және көшбасшылық», «Коучинг және менторлық көмек», «Коммуникациялар дағдарысы». Оқу стратегиялық сессиялар, интерактивті пікірталастар, тренингтер, кейс-стади және шағын топтардағы жұмыстар форматында өтті.

Сабақтарды жетекші отандық бизнес-тренерлер мен Мемлекеттік басқару академиясының коучтары – Ғалия Нұрбекова, Меруерт Жүнісбек және Жанна Ибраева өткізді.

Курс тренері Жанна Ибраеваның айтуынша, тренинг қатысушылар мен тренерлердің бірлескен белсенді жұмысы арқасында өтті, онда теориялық экскурстар, топтық пікірталастар, кейстерді талдау, топтық жұмысты таныстыру және кері байланыс алу сынды топпен жұмыс істеудің түрлі техникалары пайдаланылды:

«Тренинг бағдарламасын әзірлеуде өңірлік басшылардың көлденең бағытта өзара әрекеттесуін жақсарту, дағдарыс жағдайларында ақпаратты сауатты жеткізу дағдысын пысықтау, өз ұжымдарын ынталандыру бойынша іс-шараларды әзірлеу және қазіргі нақтылықта коучинг пен менторлық көмектің құралдарын қолдану  сұранысы болды. Тренинг тақырыптарына қызығушылық танытқан және ұсынылған барлық жаттығулар мен тапсырмаларға белсенді қатысқан аталмыш топтың алынған технологияларды оларға тапсырылған ұжымдарда енгізе бастайтындығына сенімдіміз» – деп атап өтті тренер.

«Коммуникация орнату тақырыбы өте өзекті, әсіресе мемлекеттік басқарудың жаңа тұжырымдамасын қабылдау жағдайында, біз халық үніне құлақ асатын мемлекет құруға бағыт алғанда оның өзектілігі арта түсуде. Біз коммуникациялық, эмоционалдық, көшбасшылық және коучингтік құзіреттіліктердің өзге адамдардың бізді түсінуіне және естуіне, сондай-ақ адамдардың не айтып жатқандығын естуге және дұрыс кері байланыс беруге көмектесетіндігін өз көзімізбен көрдік және іс жүзінде сезіндік» – деп Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Әли Көмекбаев оқудан кейінгі әсерімен бөлісті.

ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Кәсіби даму институты онлайн курстарды, семинарлар мен вебинарларды ұйымдастыру және өткізу бойынша қызметтер көрсететіндігін атап өткен жөн. Академияның білім беру бағдарламаларын пайдаланып, жаңа білім мен дағдылар алу тек мемлекеттік қызметшілер үшін ғана емес, сонымен қатар сапалы әрі өзекті ақпарат алуға мүдделі барлық ниетті адамдар үшін де қолжетімді.

Бұдан өзге, егер Сіз өз қызметкерлеріңізді оқытуға қызығушылық танытсаңыз, Академия Сіз үшін арнайы онлайн білім беру бағдарламасын әзірлеп, іске қосуға дайын.