Жаңалықтар

«Qazaqstan Project Management Awards 2020» байқауының қорытындысы шығарылады

«Qazaqstan Project Management Awards 2020» мемлекеттік басқаруда жобалық менеджментті жетілдіру бойынша конкурстық іріктеудің қорытындылары шығарылады.

Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы БҰҰДБ мен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі Жобалық басқару орталығының қолдауымен «QAZAQSTAN PROJECT MANAGEMENT AWARDS 2020» мемлекеттік басқаруда жобалық менеджментті жетілдіру бойынша онлайн-конкурс жариялады.

Конкурстың негізгі мақсаты – өз қызметінде жобалық менеджмент әдістері мен құралдарын белсенді түрде енгізетін және қолданатын мемлекеттік органдарды, ұйымдарды қолдау, мемлекеттік қызметшілерді көшбасшылық пен жаңа құзыреттерді дамытуға ынталандыру.

Конкурстың өту мерзімі үш айды қамтуда және оған «Үздік жоба», «Үздік жоба менеджері», «Үздік жобалық кеңсе» номинациялары бойынша орталық мемлекеттік органдардың (бұдан әрі – ОМО) және жергілікті атқарушы органдардың (бұдан әрі – ЖАО) өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік жобаларды іске асыратын және өз қызметінде жобалық басқарудың әдістері мен құралдарын пайдаланатын жоба менеджерлері қатысуда.

Жалпы, 1-10 қыркүйек аралығында өткен «Өтінімдерді жинау» бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша 30-ға жуық мемлекеттік орган (оның ішінде 15 ОМО және 15 ЖАО) қатысуға өтінім берді.

Конкурстық номинациялар бойынша өтінім қалдырғандардың жалпы саны 51 (ОМО-дан 22 өтінім – «Жылдың үздік жобасы» – 9, «Үздік жоба менеджері» – 7, «Үздік жобалық кеңсе» – 6; ЖАО-дан 29 өтінім – «Жылдың үздік жобасы» – 13, «Үздік жоба менеджері» – 8, «Үздік жобалық кеңсе» – 8).

Орталық мемлекеттік органдар арасында конкурстың барлық номинацияларына өтінім берген үміткерлердің көпшілігі ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілдері болды. Байқаудың барлық номинацияларына өтінім берген жергілікті атқарушы органдар арасында СҚО, Шымкент, Түркістан облысы, Қызылорда облысы және Қарағанды облысын атап өтуге болады.

QazPMA 2020 онлайн-конкурсының «Есептерді жинақтау» екінші кезеңі 10-20 қыркүйек аралығында өтті, онда 30 мемлекеттік органның ішінен барлық бекітілген талаптар бойынша толық есепті тек 16-ы (оның ішінде: 11 орталық мемлекеттік орган және 5 жергілікті атқарушы орган) жіберді.

Есептерді жинау барысында қатысушылар «Министрлік пен оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметін цифрландыруды қамтамасыз ету жөніндегі жоба», «Туризмді дамыту тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі жоба», «Жер қойнауы бойынша ұлттық деректер банкін құру жөніндегі жоба» және басқа да қызықты жобаларды ұсынды.

Номинациялар бойынша есептердің жалпы саны – 23. Оның ішінде: ОМО-дан 17 есеп – «Жылдың үздік жобасы» – 7, «Үздік жоба менеджері» – 5, «Үздік жобалық кеңсе» – 5; ЖАО-дан 6 есеп – «Жылдың үздік жобасы» – 4, «Үздік жобалық кеңсе» – 2.

Сонымен қатар, 2020 жылдың 23 қыркүйегінен бастап мемлекеттік басқаруда жобалық менеджментті жетілдіру бойынша конкурсының үшінші кезеңі – «Асессорлардың бағалауы» өтті, онда марапатқа үміткер әрбір жоба үшін белгіленген өлшемдерге сәйкес жобаны бағалайтын білікті сарапшылардан тұратын арнайы топ құрылды. Ұсынылған 23 есепті бағалау үшін 34 бағалаушы жұмылдырылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ұсынылған әр есепті 2 асессор бағалады, онда екі тарап алдымен әр кандидаттың есебін жеке бағалап, содан кейін ұпайларды калибрлеу үшін командалық бағалау жүргізіп, қорытынды бағаны дайындады. Бағалау кезеңінен кейін асессор үміткердің есебін қазылар алқасына жібереді және конкурсқа қатысушының қазылар алқасының мүшелерімен виртуалды сұхбатының уақытын, күнін белгілейді.

Айта кету керек, конкурстың қазылар алқасы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының, сарапшылар қоғамдастығының және конкурс серіктестерінің өкілдерінен, қазақстандық және халықаралық сарапшылардан құралған. Әділ қазылар арасында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік басқару бөлімінің меңгерушісі – Әлтаир Ахметов, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі Басшысының орынбасары Данат Жұмин, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры – Ерлан Әбіл, Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары – Әркен Өтенов, Қазақстандық жобаларды басқару қауымдастығының директоры – Майра Хусаинова, PMI Kazakhstan Chapter президенті – Юлия Жевно, Қазақстан Республикасы Жоба менеджерлері одағының президенті – Алексей Цеховой, Халықаралық судья және жобалық менеджмент жөніндегі асессор – Аржан Бугубаев бар.

Виртуалды сұхбатты өткізгеннен кейін асессорлар қазылар алқасының мүшелері үшін 2-ші есепті дайындайды, содан кейін қазылар алқасының мүшелері конкурс қорытындысын шығарады. Бұл ретте, конкурстың қазылар алқасы асессорлардың конкурстық жұмыстарды бағалау нәтижелерін 10%-дан аспайтын көлемде түзетуге құқылы.

Айта кетейік, 2020 жылдың 6 қарашасында қазылар алқасының екінші отырысы өтті, онда конкурс ұйымдастырушылары финалға қатысушыларға презентацияны рәсімдеу үшін қажетті шаблондар мен бейне роликтің мазмұны бойынша негізгі талаптарды жіберді. Өз кезегінде, конкурсты ұйымдастырушылар 25 қарашаға дейін әр қатысушыға кері байланыс есебін жолдайды, онда кандидаттың басым тұстары және жақсарту бойынша ұсыныстар сипатталған.

Байқаудың қорытындысын шығару және марапаттарды табыстау ағымдағы жылдың 27-28 қарашасында QazPMA 2020 форумы аясында өткізіледі деп жоспарлануда. Бұл Форум мемлекеттік органдар, ұйымдар және мүдделі тұлғалар арасында бағдарламалар мен жобаларды тиімді басқару бойынша тәжірибе алмасу үшін үздік диалог алаңы болмақ.