Ұлтына, діні мен тіліне қарамастан миллиондаған адам тоталитарлық жүйенің қанды диірменіне тү¬сіп, тағдырлары талша қырықылып, алдыңғы қатарлы ойлап, адал еңбек етіп, елге қызмет еткені үшін күнәсіз сотталып, туған жерлерінен аласталып, жан төзгісіз түр¬мелер мен лагерлерде жазықсыз құрбан болды.
Тарихымыздағы бұл қаралы күн 1997 жылдан бастап Елбасы Н.Назарбаевтың жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленді. Мемлекетіміз тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданды. Соған сәйкес, 340 мыңнан астам қуғын-сүргінге ұшыраған адам ақталып, 146 мыңнан аса кінәсіз айып тағылған қазақстандықтың аты жазылған 14 «Аза тұту кітабы» жарық көрген болатын.
Сол тізімде менің әкем Қондыбайдың туған әкесі, яғни менің атам – Бақберді Бегендікұлы да бар.
ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері тарих ғылымдарының кандидаты Қанат Еңсеновтің бөліп көрсеткен үш кезеңнің: Ұжымдастыру және тәркілеу (1928-1930 жж.) кезеңі Репрессиялық саясат Қазақ АКСР, Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесінің 1928 жылғы 27 тамыз айындағы «Бай шаруашылықтарын тәркілеу» туралы қаулысынан басталған. «Осы қаулының негізінде жеті жүзге жуық ірі бай шаруашылықтары талқандалып, олардың иелері қанаушы тап ретінде жер аударылды, кейіннен көпшілігі халық жаулары ретінде атылып, немесе сотталып кеткен. Соңында осы саясат колхоздастыру кезінде онан әрі жалғасып, репрессияға орта шаруалар мен ауқаттылар жаппай ұшырай бастаған. Міне, дәл осы сипатталып отырған кезеңде менің атам Бақберді де 1931 жылдың 26 тамызында ұсталып, 5 жылға жыл кесілген, кейін Ақтөбенің түрмесінде атылған. Атам туралы төмендегі деректі «Ашық тізімдегі» іздеу арқылы тауып алған сәтімдегі сезімімді айтып жеткізу мүмкін емес. Атамнан қалған жалғыз дерек осы ғана:
Поиск по открытому списку жертв политических репрессий в СССР, в котором уже 3 206 692 записи о людях.
Бигендыков Бакберды (1880)
Дата рождения: 1880 г.
Место рождения: Актюбинская обл., Табынский район, 2 аул
Где и кем арестован: ОО ПП ОГПУ Каз
Мера пресечения: арестован
Дата ареста: 26 августа 1931 г.
Обвинение: 58, п. 2 УК РСФСР.
Осуждение: 2 апреля 1932 г.
Дата реабилитации: 31 октября 1991 г.
Әкем марқұм өз әкесін ақталғаннан кейін де іздеуге жүрегі дауаламай, біздің тағдырымызға зияны тиіп кетер деген үрейден арыла алмай дүниеден өтті. Бұл сөздерді көз жасына ерік бермей айту қиынға соғады, еске алудың өзі қаншама әлі жанды жаралардың бетін тырнап, ащы өксік пен орны толмас өкінішке ұласады…
Елімізде бұл нәубеттің жалыны шарпымаған отбасы кемде-кем. Сол себепті де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы еске алу күніне орай жариялаған үндеуіне қалың жұртшылық бірден ден қойды. Өз үндеуінде Ел Президенті тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылғандығын хабарлады. Сол жылдардағы тарихи оқиғаларға тоқтала отырып, Кеңес заманында өмір сүрген халықтарға «үлкен террордың» орасан зор қасірет әкелгенін, зұлмат жылдарда Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылып, 100 мыңға жуық азаматымыз қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылғандығын атап өтті. «Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады. Өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз»,- деп өз сөзін түйіндеді мемлекет басшысы.
Расында да, бүгінгі азат, тәуелсіз Қазақстанның азаматтары біздер үшін құрбан болғандарды есте сақтау – қасиетті парыз. Қаншама зобалаң жылдарды бастан кешкен қазағымның әрқайсысының айтқан зары, кешкен мұңы, жүріп өткен «тар жол, тайғақ кешулерінің» бәрі бүгінгі ұрпақтың жүрегінде мәңгі жаңғырып тұруы тиіс деп есептеймін.
ҚР Президенті жанындағы
Мемлекеттік басқару академиясының доценті, ф.ғ.к.
Балкенже Қондыбайқызы Ақбердыева