2021 жылдың 15 қаңтарында Development Day аясында ZOOM платформасында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының және БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің (БҰҰ ЭӘМД) ұйымдастыруымен «БҰҰ-ның мемлекеттік басқару саласындағы бағдарламасы: 2030 жылғы кезеңге дейінгі Күн тәртібін жүзеге асыру контексінде азаматтардың қатысуы» атты тақырыпта онлайн вебинар өтті.
Вебинардың мақсаты – БҰҰ-ның мемлекеттік басқару саласындағы бағдарламасы қатысушыларының хабардар болуын және оның 2030 жылғы кезеңге дейінгі Күн тәртібін жүзеге асырудағы рөлін арттыру.
Вебинардың спикерлері ретінде Мемлекеттік мекемелер және цифрлық үкімет бөлімінің Мемлекеттік қызметтер саласындағы инновациялар бөлімінің басшысы, DPIDG/UNDESA Джон-Мэри Каузия, мемлекеттік басқару мәселелері жөніндегі аға қызметкер, PSIB / DPIDG / UNDESA Гарегин Манукян, Квинсленда университетінің (Брисбен, Австралия) Әлеуметтік ғылымдар мектебінің профессоры және БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің (UNDESA) Әлеуметтік-экономикалық басшылық және басқару бөлімінің басшысы Адил Хан, ЕО, Грекия банкі, Оңтүстік Африка үкіметі, UNDESA, БҰҰДБ және басқа да мемлекеттік қызметті реформалау, этика және демократиялық басқару мәселелері жөніндегі халықаралық ұйымдарында 27 жылдық консультант ретінде жұмыс өтілі бар, Афина университеті мен Пантеиос саяси ғылымдар университетінің құрметті докторы Деметриос Аргириадес.
БҰҰ-ның Мемлекеттік басқару саласындағы бағдарламасының тұрақты дамуға қосқан үлесі туралы баяндамасында «Алдағы жылдары мемлекеттік басқару мемлекеттің саясатты анықтаудағы, бағдарламаларды жүзеге асырудағы және қауіпсіздікті, қорғаныс пен сапалы қызметтерді қамтамасыз етудегі басты құралы болып қала бермек. Сондықтан Академия мен DPIDG-дың ынтымақтастығы ұзақмерзімді, өнімді іске айналатынына сенімдімін» – деп атап өтті Гарегин Манукян.
БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің Әлеуметтік-экономикалық басшылық және басқару бөлімінің басшысы Адил Хан мырзаның айтуынша, 2030 жылғы кезеңге дейінгі Күн тәртібін құрайтын тұрақты даму саласындағы мақсаттар жаһандық мақсаттар болып табылады, алайда оларды жүзеге асыру жаһандық әрі ұлттық ынтымақтастықты қамтиды, әсіресе, Күн тәртібін жүзеге асыруға ықпалдасатын ұлттық, жергілікті институттарды құру аса маңызды.
«Азаматтарды тартудың жолдарын, құралдары мен институционалдық әлеуетін, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің дағдыларын іздестіру өркендеген, әділетті және тұрақты қоғам құрудың кілті болмақ» – деп өз сөзін жалғады Адил Хан мырза.
«Мемлекеттік басқару: пандемияға дейін және одан кейін» атты тақырыпта баяндама жасай отырып, Деметриос Аргириадес мырза жалпы адамзат және көптеген елдер мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызметтің адамдардың талаптарына және уақыттың қажеттіліктеріне сәйкес келетін үлгісін таңдайды деген ой айтты.
«Пандемиямен күрестегі біздің тәжірибеміздің тұрғысынан алғанда, бізге, бәлкім, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Реконструкция кезеңіне қайта оралуға, біздің институттарымызды қалпына келтіруге, заңның үстемдігін нығайтуға және біздің мемлекеттік қызмет атты кәсібіміздің құндылықтарын растауға тура келетін шығар. Біз назарымызды адамдар мен қауымдастықтарға, біздің қызметіміздің соңғы тұтынушыларына аударуымыз қажет» – деп атап өтті Деметриос Аргириадес мырза.
Вебинар соңында спикерлер қойылған барлық сұрақтарға жауап берді, ал вебинардың өзі өткен іс-шараның негізгі тақырыптары бойынша идеялармен алмасуға мүмкіндік берді.