2021 жылдың 19 мамырында Академияда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Нұр-Сұлтандағы Бағдарламалар кеңсесінің (бұдан әрі – ЕҚЫҰ БК) басшысы Фолькер Фробарт мырзамен кездесу өтті.
Академия ректоры Ерлан Әбіл Фробарт мырзаны жаңа лауазымға тағайындалуымен құттықтап, Академияның стратегиялық басымдықтарымен, мақсат-міндеттерімен таныстырды. Қонақтарға мемлекеттік қызметшілерді кәсіби дамыту, қолданбалы зерттеулер жүргізу және мемлекеттік органдарға консалтингтік қызметтер көрсету бойынша Академияның ағымдағы және болашақтағы жобалары таныстырылды.
ЕҚЫҰ БК өкілдері өз кезегінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің нормаларын түсіндіру бойынша оқыту бағдарламаларына, ауылдық округтердің әкімдерін қайта даярлау және олардың біліктіліктерін арттыру бағдарламаларына қызығушылық танытты. Мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыру және мемлекеттік қызметті одан әрі кәсібилендіру мәселелері қозғалды.
Тараптар Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын жүзеге асыру бойынша бірлескен іс-шаралар өткізуге, мемлекеттік басқаруды және мемлекеттік қызметті дамыту мәселелері бойынша қонақтық дәрістер ұйымдастыруға және тақырыптық семинарлар мен тренингтер өткізуге келісті. Келіссөздер барысында ЕҚЫҰ БК мен Академия арасындағы ынтымақтастықтың нақты салалары анықталды.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Нұр-Сұлтанда әрекет ететін Бағдарламалар кеңсесінің қызмет аясына қауіпсіздік мәселесі, соның ішінде, қарулануды бақылау, шекараларды басқару, терроризммен және адам саудасымен, қару-жарақпен және есірткімен күрес, сондай-ақ экономикалық-экологиялық проблемалар, адам құқықтары, құқық үстемдігі мен БАҚ еркіндігінің мәселелері кіретіндігін еске саламыз.
Академия Фолькер Фробарт мырзаға және ЕҚЫҰ БК делегациясына қызығушылық танытқандарына алғысын білдіреді және өнімді ынтымақтастыққа дайын.