Жаңалықтар

Қоғам және мемлекет қайраткеріне арналған конференция

Бүгін Қазақстан Республикасының тұңғыш сыртқы істер министрі, саяси ғылымдар докторы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Дипломатия институтының профессоры, Қазақстанның көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Төлеутай Ысқақұлы Сүлейменовтың 80 жылдық мерейтойына арналған «Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатына 30 жыл» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Онлайн шараға Төлеутай Ысқақұлының әріптестерімен қатар ҚР Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, елдің түрлі мемлекеттердегі елшілері, замандас-достары және шәкірттері қатысты.

Ғылыми конференция Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатымен басталды. Президенттің жылы лебізін ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев жеткізді. Академия ректоры Ерлан Әбіл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің құттықтау хаттарын мерейтой иесіне оқып берді.
Пленарлық сессияда Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің Бас хатшысы, Төтенше және Өкілетті елші Бағдат Әміреев, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес хатшылығының Атқарушы директоры, Төтенше және Өкілетті елші Қайрат Сарыбай, Израиль мемлекетіндегі ҚР-ның Төтенше және Өкілетті елшісі Сатыбалды Буршаков, Бельгия Корольдігіндегі ҚР-ның Төтенше және Өкілетті елшісі Марғұлан Баймұхан және Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрінің мұсылман мемлекеттері ұйымдарымен ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Константин Шувалов сөз алып, әсерлі естеліктерімен бөлісті, құттықтауларын жолдады. Сонымен қатар, мерейтой иесі мен жиналғандардың назарына Румыния мемлекетіндегі ҚР-ның Төтенше және Өкілетті елшісі Нұрбах Рүстемовтің, Сербия мемлекетіндегі ҚР-ның Төтенше және Өкілетті елшісі Мәди Атамқұловтың, Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымының Ұлттық азшылық істері жөніндегі жоғарғы комиссары, Төтенше және Өкілетті елші Қайрат Абдрахмановтың, Қарағанды техникалық университетінің ректоры Марат Ибатовтың және ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару Академиясы қызметкерлерінің видео-құттықтаулары мен Әзірбайжан Республикасындағы ҚР-ның Төтенше және Өкілетті елшісі Сержан Әбдікәрімовтің, «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Президенті, Төтенше және Өкілетті елші Нұртай Әбіқаевтың, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың құттықтау хаттары ұсынылды. Техника ғылымдарының докторы, профессор Қабидолла Сарекенов, химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым Академиясының академигі Арыстан Газалиев Төлеутай Ысқақұлының ғылымдағы жолын атап өтті. Ал ҚР Президентінің жанындағы Стратегиялық зерттеу институтының директоры Зарема Шаукенова көрнекті тұлғаның болмысын, іскерлік, ұстаздық, дипломатиялық қасиеттерін баспасөз беттерінде сөйлетті.
Өз кезегінде сөз алған Төлеутай Ысқақұлы елеулі күнді бірге қарсы алып, жүрекжарды лебіздерін білдірген барлық жанашыр жандарға алғысын білдіріп, шәкірт тәрбиелеуде, елдің ғылымын дамытуда әлі де қосар үлесі барын айтып, шараны ұйымдастырушы әріптестеріне ризашылығын білдірді.