2021 жылдың 19 сәуірінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының бастамасымен квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенсты дамыту және жетілдіру бойынша сарапшылық кездесу өтті.
Кездесуге Академияның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы зерттеулер және комплаенс орталығының басшысы Жанар Рысбекова, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Парасаттылық департаменті директорының орынбасары Нұрсұлтан Бекинов, Refinitiv компаниясының ТМД-да бизнесті дамыту жөніндегі өңірлік менеджері Эдуард Кан, «Самұрық-Қазына» АҚ Комплаенс қызметінің басшысы Дәурен Ақшалов, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Комплаенс қызметінің басшысы Самат Сарбасов, «Еуразиялық топ» ЖШС комплаенс жөніндегі директоры Анетта Натанзон, Beeline Kazakhstan Әдеп және комплаенс қызметінің сарапшысы Айнұр Бидолина, «Prime Source» ЖШС бас директоры Евгений Щербинин, China Construction Bank Corporation Astana Branch Комплаенс департаментінің директоры, Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитетінің «Нұра топтық су құбыры» ШЖҚ РММ Комплаенс қызметінің басшысы, сондай-ақ Академияның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы зерттеулер және комплаенс орталығының қызметкерлері қатысты.
Кездесу барысында Нұрсұлтан Бекинов өткен жылы мемлекет басшысы квазимемлекеттік сектор субъектілерінде парасатты және әдепті мінез-құлықтың корпоративтік стандарттарын сақтауға жауапты сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтерді құруды қарастыратын «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойғандығын айтты. Нұрсұлтан Бекинов қазіргі таңда Агенттік және Академия квазимемлекеттік компанияларда комплаенс-қызметтерді құру және олардың тиімді жұмыс істеуі бойынша жұмыс жүргізіп жатқандығын атап өтті.
Жанар Рысбекова комплаенс-қызметтерді дамытудың тарихы және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілеріне ISO 37001 халықаралық стандартын енгізу жөніндегі жұмыс тәжірибесі туралы баяндады. Сонымен қатар, «Академия базасында алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибелерге сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс жүйесі енгізілген. Оның аясында қызметкерлерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша оқыту жүзеге асырылды, комплаенс-қызмет құрылды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша бірқатар ұйымдастырушылық және техникалық шаралар анықталып, қалыптастырылды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс жүйесінің тиімділігін мониторингілеу және бағалау рәсімдері құрастырылды» – деп бөлісті.
Кездесу барысында Дәурен Ақшалов «Самұрық-Қазына» АҚ-да комплаенс функциясын енгізу және дамыту тәжірибесі туралы айтты, сондай-ақ аталмыш бағытта әдістемелік ұсыныстар әзірлеуге квазимемлекеттік компаниялардың комплаенс-қызметтерінің сарапшыларын тарту туралы ұсыныстарын енгізді.
Кездесуде Анетта Натанзон «Еуразиялық топ» ЖШС-дағы комплаенс-менеджмент жүйесі, соның ішінде корпоративтік әдеп мәдениетін сақтау, комплаенс-қызметтердің жұмысында негізгі қағидаттарға сүйену және т.б. туралы баяндады, ұйымда бизнес-үрдістерді жолға қоюдың практикалық жұмыс тәжірибесімен бөлісті.
Одан өзге, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, Beeline Kazakhstan, «Prime Source» ЖШС, China Construction Bank Corporation Astana Branch өздерінің табысты практикалық тәжірибелерімен бөлісті.
Кездесу қорытындысы бойынша квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметті жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірленді.
Осы тектес кездесулер тұрақты негізде өткізілмек.