Мемлекеттік басқару академиясында орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері қатарынан жасақталған жаттықтырушыларға арналған тренинг өз бастауын алды.
Аталмыш оқыту аясында мемлекеттік қызметшілер Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (ҚР ӘРПК) жаңа редакциясының негізгі ережелерін түсіндіру бойынша мәселелерді талқылауда, сонымен қатар өзге мемлекеттік қызметшілерге алдағы уақытта білімді тарату үшін тиімді презентация дағдыларын дамытуда.
ҚР Әділет министрлігінің өкілдері – Заңнама департаменті директорының орынбасары Думан Сулейменов, Заңнама департаментінің бас сарапшысы Данат Байбулов, Нұр-Сұлтан қ. Сарыарқа аудандық сотының судьясы Салтанат Шамшинурова, сондай-ақ Мемлекеттік басқару академиясының көпшілік алдында сөйлеу және шешендік өнер бойынша бизнес-жаттықтырушысы Жанна Ибраева спикерлер ретінде қатысты.
2021 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (ҚР ӘРПК) жаңа редакциясы күшіне енетіндіктен Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі мемлекеттік қызметшілерді ҚР ӘРПК-ның негізгі ережелерін және олардың іс жүзінде қолданылуын түсіндіру бойынша оқытуға тапсырма бергендігін атап өткен жөн.
Оқыту бағдарламасын Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ықпалдасуымен ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, ҚР Әділет министрлігі және ҚР Жоғарғы Соты әзірледі.
2021 жылдың наурыз айынан маусым айына дейін бүкіл Қазақстан бойынша ОМО мен ЖАО-ның мемлекеттік қызметшілері Академия мен оның филиалдарының базасында аталмыш оқытудан өтеді деп жоспарлануда.